Жарияланды: 310

Жарты жылдан бері өтемақыларын алмаған «Адемнің» сатушылары өрт сөндірушілерге шүйлікті

Алматыда өртенген «Адемнің» саудагерлері өтемақыларын әлі ала алмай жүр. Өтемақы тұрмақ, арада жарты жыл өтсе де, алапат өрттің себебі сол күйі анықталмай қалған. 

Осыған күйінген саудагерлер енді өрт сөндірушілерге шүйлігіп отыр. Өйткені алты айдан бері өрттің неден шыққанын біле алмапты. Тіпті сауда үйінің басшыларына ескерту де жасалмаған көрінеді. Ал тергеудің өзі өгіз аяңға салынып, қосымша тексерулер мүлдем аш ішектей созылған. Салдарынан күлі көкке ұшқан тауардың өтемақысы да кешіктіріліп жатыр. Енді оның төленуі де екіұдай боп тұр. Осылай деп күдіктенген кәсіпкерлер сауда үйінің басшылығы мен жалынның себебін жарты жыл іздеген өрт сөндірушілерді жазаға тарту үшін Ішкі істер министрлігінен көмек сұрап хат жазды. Естеріңізге салсақ, алапат өрт 26-шы сәуірде болған. Түні бойы лаулаған жалын 25 мың шаршы метр жерді жоқ қылып, 3 мыңнан аса кәсіпкерді қып-қызыл шығынға батырған еді. 

Василий Резван, Кәсіпкерлер мен тұтынушылар құқығын қорғау одағының президенті:

-Өрт қауіпсіздігін реттей алмаған, әрі өрттің салдарын зерттеп бас ауырпайтын өрт сөндірушілер біздерге қажет емес. Енді оларға сенбейміз. Өрт сөндіру қызметінің басшыларын тамыр-таныстығы жоқ, белсенді жастарға ауыстыруды талап етеміз. Өйткені, олар жемқорлыққа әбден белшесінен батқан.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін