Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, олардың қатарында жұмыс іздеуге жәрдемдесу, кәсіптік оқыту, субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру және тиісті талаптарға сай болған жағдайда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау бар.
Ең алдымен азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі керек. Бұл үшін тұрғылықты жеріндегі Мансап орталығына жүгінуге немесе электрондық үкімет порталы мен Enbek.kz арқылы тіркелуге болады.
Тіркелгеннен кейін Мансап орталығы азаматтың мамандығы, еңбек өтілі, біліктілігі, қалаған жалақысы және басқа да талаптарын ескере отырып, сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады.
— Егер лайықты жұмыс бірден табылмаса, азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларына қатыса алады. Атап айтқанда, жаңа мамандық алу үшін кәсіптік оқудан өтуге, субсидияланатын жұмыс орындарына орналасуға немесе жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуға болады, — делінген хабарламада.
Жұмысынан айырылғандарға әлеуметтік төлем
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және тиісті құқығы бар азаматтарға жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындалады.
— 2026 жылғы 1 қазаннан бастап пилоттық жоба аясында бұл төлем ең ұзақ дегенде үш айға тағайындалуы мүмкін. Төлем көлемі азаматтың орташа айлық табысына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты есептеледі, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Мемлекеттік қолдау жұмыс ұсынумен ғана шектелмейді. Азамат жұмысқа орналасқаннан кейін де Мансап орталығы оның жұмыспен қамтылу жағдайын бақылауды жалғастырады.
Осылайша, жұмыссыз қалған азамат үшін негізгі кезеңдер — жұмыс іздеуші ретінде тіркелу, сәйкес бос жұмыс орындарын қарау, қажет болған жағдайда қосымша қолдау шараларына қатысу және жұмысқа орналасу.