Жарияланды: 760

12 сәуір – ғарышкерлер күні

12 сәуір – ғарышкерлер күні

12 сәуір – Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні.

Бұл туралы sarbaz.kz хабарлайды. 

Тарих қойнауында қалған, осыдан 57 жыл бұрынғы көктемнің керемет күнінде, яғни 1961 жылдың 12 сәуірінде таңғы сағат 9-дан 7 минут өткенде Кеңес Одағы қазақ жеріндегі Байқоңыр ғарыш айлағынан әуе кеңістігіне «Восток» кемесін аттандырған-ды. Ол кемеде әлем тарихындағы орбитаны бойлай ұшқан тұңғыш ғарышкер, аға лейтенант Юрий Алексеевич Гагаринның болғаны әрбір жанның жадына мықтап бекігені рас. Жерден мыңдаған шақырым алыс ұшқан оның сапары дәл сол кезең үшін рекордтық көрсеткіш болып, сапар 1 сағат 48 минутқа (108 минут) созылған еді. «Восток» кемесі 302 шақырым биіктікте Жерді бір айналып шықты да, сағат 10-нан 55 минут өткенде, Саратов облысындағы Смеловка ауылына жақын маңға қонған еді. Осы аңызға айналған сапары үшін ғарышкер Кеңес Одағы Батыры атағын алып, оның ерлігі бүкіл адамзат баласының сан мыңдаған жылдар бойғы арман-тілегін жүзеге асырды. Осы оқиғадан кейін ғылыми-техникалық революцияға ерекше серпін беріліп, спутниктік телевизия, интернет, ауа-райын бақылау, бағдарлау секілді заманауи өмірдің игіліктеріне жол ашылған болатын. Осынау адамзат тарихында адам баласының алғашқы болып айға біздің жерімізден аттануы қалай мақтаныш кернесе, осы ғарыш айлағынан ұлтымыздың қырандарының да көкке самғап, айға қонуы әр қазақ үшін соншалықты мақтаныш әрі қуаныш екені даусыз. Ендеше ұлт мақтаныштары, ғарышкерлеріміздің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өткеніміз жөн шығар.

АТЫ АҢЫЗҒА БЕРГІСІЗ   

Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы, авиация генерал-майоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері,  техника ғылымының докторы, профессор Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін, Мәскеу авиация институтын бітірген ол 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындаған. 1989 жылы 1-ші болып авиатасушы крейсердің алаңқайшысына «МиГ-29г» реактивті ұшағын шеберлікпен дәл қондырған. Сондай-ақ ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізген. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынып, 1991 жылдың 2 сәуірінде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы қазанның 2-сінде Байқоңырдан «СоюзТМ-13» кемесімен ұшқан. Ғарышта ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынған. Сонымен қатар Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды, аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да 0, өткен. Ол Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери партриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласқан.

Ал көк аспанда қыран құсша самғап, талай келелі іске бастамашы болып, жаңа үлгідегі ұшақтарды сынақтан өткізіп, ұшудың жарқын үлгісін көрсете білген Тоқтар Әубәкіровтің әуедегі істерінен бөлек, елімізге сіңірген еңбектері мен атқарған қызметтеріне де тоқталып өткеніміз жөн болар. 1992-1993 жылдары – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары болған Тоқтар Оңғарбайұлы 1993-1994 жылдары – Қазақстан Республикасы Ұлттық Аэроғарыштық агенттігінің бас директоры, Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары, 1994-1995 жылдары – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, 1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, кеңесшісі, 2000-2001 жылдары – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары, 2002-2003 жылдары - «Испат-Қармет» ААҚ-ының корпоративтік істер жөніндегі орынбасары, 2004-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық іс, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды. Өлшеусіз еңбектері де елеусіз қалмай, тіпті әуе кеңістігіндегі ерлігі үшін Гиннесс рекордтар кітабына да енген қазақ ғарышкері Қазақстанның: «Халық қаһарманы», «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағымен және «Отан» орденімен, Кеңес Одағының: «Кеңес одағының батыры» атағымен, «Алтын Жұлдыз» медалімен, «Құрмет Белгісі», «Ленин», «КСРО-ға еңбек сіңірген сынақшы ұшқыш», «КСРО ғарышкер-ұшқышы», «Қазан төңкерісі» ордендерімен, ал Австрия Республикасының: «Алтын Крест» орденімен марапатталған.

Гиннесстің рекордтар кітабына кірген ерлігін ел ұмыта қойған жоқ. «Тбилиси» крейсерінен жаңа әдіспен ұшақты көкке көтеру оқиғасына бүкіл әлем көз тікті десе де болады. Кеңес ұшағы лып етіп көтеріле ала ма, жоқ, бұрқ етіп жоқ бола ма, деп бүкіл дүние жүзінің мамандары демін ішіне тартып, қарап тұрған еді. Тоқтар Әубәкіровке крейсердің қамзолдың етегіндей қып-қысқа ұшаңқайынан МИГ-29 ұшағын лып еткізіп көкке көтеру міндет болды. Жаңа әдістің ерекшелігі сонда: ұшақ құдды трамплиннен түскендей төмен лықсып келіп, дүр етіп ұша жөнелген кептердей тез көтеріліп кетуі керек. Барлық мәселені секундтар ғана шешеді. Ұшақтың моторына байланысты. Сәл іркіліс болса, бітті: ұшақ судың астына кіріп кетеді. А деп ауыз ашқанша құйрығы қайқаң етіп зеңгір көктен көрінетін дыбыстан жылдам ұшқыр ұшақты сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров сонда зыр-р еткізіп, көтеріп үлгерді. Асқан дәлдікпен аядай жерге ұшақты қайта қондыру да ғаламат ерлік болатын. Авиация тарихында бірінші рет мұндай әдіспен ұшуды жүзеге асырғаны үшін Тоқтардың бұл ерлігі Гиннесстің рекордтар кітабына енгізілді.

Міне, осыншама қасиеттің бір ғана адамның бойынан табылуы адам нанғысыз дүние екені рас. Алаш жұртының арманын арқалап, айға алғашқы болып барып келген, аңызға айналған арысымыздың аты Мәңгілік елдің тамыры тереңге тартқан тарихында алтын әріптермен жазылып қалатыны һақ.  

«...НАР ЕМЕС ДЕСЕҢ НАНҒЫСЫЗ»   

Талғат Мұсабаев – қазақтың екінші, ал әлемнің 309-шы ғарышкері, техника ғылымдарының докторы, гимнастикадан және ұшақ спортынан КСРО спорт шебері. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасы. Қазақтың біртуар перзентінің жер планетасы үшін жасаған өлшеусіз еңбегі бағаланып, ол сансыз марапатқа ие болған. Мысалы, Қазақстан Республикасы тарапынан: «Халық қаһарманы», «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағы беріліп, «Отан», «Барыс» 1-ші дәрежелі ордендері мен «Астана» медалі табыс етілсе, Ресей Федерациясы: «Герой Российской Федерации» атағымен, «Дружба народов»,  «Лётчик-Космонавт РФ», «За заслуги перед Отечеством» 3-ші дәрежелі және «За заслуги перед Отечеством» 2-ші дәрежелі ордендерімен, сол сияқты Австрия Республикасы: «Аустрия Республикасының» орденімен, ал Америка Құрама Штаттары: «Ғарышқа ұшқан үшін» NASA медалімен марапаттаған.   

Талғат Мұсабаев «Союз-ТМ» ғарыш кемесімен қатарынан үш рет ғарыш әлеміне барып-қайтты. Ол космоста алғашында 126 тәулік, екінші сапарында 208 тәулік болған. Үшінші сапарында батыр жерлесіміз америкалық миллионер Денис Титоны да экпиаж құрамымен бірге алып ұшып, әлемде тұңғыш рет космосқа кәдімгі саяхат жолын ашқан. Талғат Мұсабаев – ашық космоста жұмыс істеген тұңғыш қазақстандық ғарышкер. Ол ғарыш стансасынан тыс ашық ғалам аясында жалпы мерзімі 41 сағат 21 минут болған.

Қазақтан шыққан екінші ғарышкер, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, гимнастикадан және ұшақ спортынан КСРО спорт шебері Талғат Мұсабаевтың өмірбаянына тоқталатын болсақ, ол Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында 1951 жылы 7 қаңтар күні туған. Әкесі Амангелді – журналист, анасы Салиха дәрігер болған. Өзі «жұлдызды жолды әке-шешем, ата бабаларым салды»,- дейді екен.

Ғарыш әлемінде жалпы ғұмырының 1 жылға жуық (342 күн) уақытын өткізген ұлт батыры алғаш рет 1994 жылы ұшқанда (Союз ТМ-19) 126 күн, 1998 жылы екінші рет ұшқанда (Союз Тм-27) 208 күнін ғарышта өткізіпті. Гиннестің үздік табыстар кітабына бір айдың ішінде 5 рет, барлығы 30 сағат 8 минут ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққаны үшін есімі айшықталып жазылған.

Ұшқышпен бірге ғарышта болған әріптесі Юрий Маленченко Талғат Мұсабаевпен ашық ғарышқа шыққанда тура Қазақстанның үстінен өтіп бара жатқандарын байқапты. Сонда Мұсабаев: «Қазақстанның үстінен өтіп бара жатырмыз. Менің Қазақстаным!» – деп айқай салыпты. Ғарышкерлер қатпар-қатпар Алатау сілемдері мен Балқаш көлінің көрінісін ғарыштан көріп тәнті болыпты.   

Ұлттың батыры, техника ғылымдарының кандидаты, генерал – майор, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев республикалық журналдардың біріне берген сұқбатында осы сапарлар кезінде ғаламдық Жаратылыс, Жаратушы Иеміз хақында көкейге түйгендері, көз көрген ғажайыптары жайында әңгімелеген екен. Назарларыңызға ғарышкердің сұқбат барысындағы тегеурінді тілшінің сұрақтарына қайтарған жауаптарынан үзінді ұсынбақпыз:   

«...Ашығын айтсам, мен де өз дәуірімнің адамы, коммунист, қызылкөз атеистің өзі едім. Бұл дүниетанымым отыз жылдан асып барып өзгерді. Өзгерткен негізгі себеп – ғарышқа ұшуым болды.   

Ғарышта ажалдың аузынан қалған жағдайларым болды. Біреуін ғана айтайын. Ашық ғарышқа шыққан кезімде, мені кемеге бекітіп, ұстап тұратын тетік ажырап кетті. Біртіндеп тұңғиыққа шым батып бара жаттым. Айтары жоқ сұмдық еді. Көз алдымнан жалт-жұлт ойнап, әп-сәтте бүкіл ғұмырым өте шықты. Тірі қалуым мүмкін емес-тін. Бұрын-соңды ескерілмеген, ескерілмек түгіл ойға келмеген хал. Ауа қоры 8 сағатқа жетеді. Одан әрі қапысыз, бұлтартпайтын, жалтартпайтын ажал. Міне, осы сәтте адам айтса нанғысыз таңғажайып оқиға болды. Қайтадан кеменің, зулап бара жатқан ғарыш кемесінің үстінен бір-ақ шықтым. Денеме ештеңе тимей-ақ, жұғысып, итермей-ақ әлдебір құдырет құрдымнан суырып алды. Ешқандай қисынға келмейді, түсінікке сыймайды. Бұл бір емес, осындай жағдай талай рет қайталанды. Үстімізден бақылап, бәрін орын-орнына келтіріп тұрған әлдебір Қорғаушының бар екенін кәміл аңғардық. Бұл сезім менімен әрқашан бірге болады.  

Өзгеше өмір иесінің осындай тағылымды әңгімелері мен өзгелердің ол туралы айтқан пікірлерінен оның сегіз қырлы, бір сырлы азамат екеніне көз жеткізе отырып, дәстүрлі дінінің, ұлтының қаншалықты жанашыры екенін де анық байқауға болатындай.

АЛАШТЫҢ АЙДЫНЫ    

Айдын Айымбетов Алматы облысы Талдықорған қаласы Өтенай ауылында 1972 жылы 27 шілдеде дүние есігін ашқан. Мектепті алтын медальмен тәмамдап, 1993 жылы Ресейдің Краснодар аймағындағы Армавир қаласында жоғарғы әскери авиациялық училищені ұшқыш-сынақшы мамандығы бойынша оқып бітірген. Осы саланың майталман маманы атанып, әйгілі «жұлдызды қалашыққа» жолдама алған ол – ғарышқа ұшқан қазақтың үшінші азаматы!    

Алайда Айдын Айымбетовтің ғарышқа ұшуы оңайдан оңай бола салмағанын жұртшылық жақсы біледі. Арада қаншама келіссөздер жүргізіліп, оған қоса қаншама жел сөздердің айтылғаны белгілі. Бірақ Айдынның ғарышқа ұшқан екі ағасынан бір ерекшелігі – ол айға Қазақстан азаматы ретінде ұшты. Мәселен, Тоқтар Әубәкіров КСРО азаматы ретінде 1 рет, ал Талғат Мұсабаев Ресей азаматы ретінде 3 мәрте ұшқан болатын. Бұл Айдынды алдыңғы екі арысымыздан ажыратып, бөле-жара қарау емес, әрине. Дегенмен де көңілге қуаныш ұялатпай қоймасы шындық.   

Осылайша, 2015 жылдың 2 қыркүйегінде сағат 10.30-да «Байқоңыр» ғарыш айлағынан тарихтағы үшінші қазақ Алаштың жүгін арқалап, аспанға аттанды. Халықаралық ғарыш стансасына аттанған негізгі экипаж құрамында ресейлік ғарышкер Сергей Волков (командир), Еуропа ғарыш агенттігінің астронавты Андреас Могенсен мен Қазғарыш ғарышкері, отандасымыз Айдын Айымбетов болды. Ғарыш кемесі стансамен 4 қыркүйек күні түйісіп, стансада оларды ресейліктер Геннадий Падалка, Михаил Корниенко мен Олег Кононенко, америкалық астронавтар Скотт Келли мен Челл Линдгрен, сондай-ақ жапон астронавты Кимия Юи қарсы алған болатын. Кеме командирі Сергей Волков орбитада 188 тәулігін өткізсе, отандасымыз бен даниялық ғарышкер ғарышта 10 күн болып, жерге оралды. Орбитада отандасымыз Айдын Ақанұлы қазақстандық ғылым үшін бірқатар сынақ жүргізіп, соның ішінде радиацияның миға әсерін зерттегенін айта кеткен жөн.   

Ұлы даланың ұланы Twitter әлеуметтік желісінен парақша ашып, ғарышта күн сайын елмен есендесіп тұрғаны, ғарышта не істеп жатқандарын жазып отырғаны көпшіліктің есінде. Мысалы, ғарышқа ұшқаннан кейін екі күн өткен соң бірінші жазбасын былай бастаған Айымбетов: «Қайырлы таң, жерлестер мен жер тұрғындары! Жерде жүріп ғарыш туралы қиялданушы едім, енді ғарышта түсіме Жер кіреді. Жұмысымды істеп жатырмын. Тапсырма көп, уақыт аз!» – деп жазады. Сонымен қатар ол «Дастархан-6» атты ғылыми эксперимент жасап жүргенін де айтыпты. «Бірінші асымыз қазақша ет болды. Ұшып жүріп жеген ыңғайсыз. Ет дәмді, бірақ – құрғақтау. Сорпасы жетпей тұр. Таңғы асқа сорпа және майсыз ірімшік», – депті. Тағы бір жазбасында ол: «Қазақ хандығының 550 жылдығы» қазақстандықтар үшін өзінің өткені мен болашағы туралы ойлануға үлкен себепкер», – десе, бірер күннен кейін өзі алып барған «Жігіт» деп аталатын сорпа және құрт, ірімшіктердің серіктеріне қатты ұнағанын айтқан екен. Сондай-ақ «Өткізбелі люк ашылып, екі экипаж станцияға өткенде ауа кеңіп сала бергендей болды. Түсінесіздер ме, ғарыш кемесі станциямен салыстырғанда өте кішкентай, ал станция сондай үлкен, оның үстіне бізді алты адам қарсы алғанда, үлкен кеңістік пен бостандықты сезгендей болдық», - депті ол тағы бір жазбасында.    

Айта кету керек, 9 қыркүйекте Ливан мен Сирияда болған құмды боран екі адамның өмірін қиған еді. Айдағы Айдын сол құмды боранды ғарыштан таспаға түсіріп, парақшасына салған. Сонымен қатар, ғарыш кемесі Жерді қалай тез айналып ұшып бара жатқанын да таспаға түсіріп үлгеріпті. «1 секундта Жердің үстіндегі 1,66 шақырымға шақ келетін қашықтықты ұшып өтемін. Мен оқтан 10 есе жылдам ұшып барамын. Ұшу биіктігі 402 шақырым», - деп жазған.    Айдын Айымбетов ғарышта жүріп, Талғат Мұсабаевпен тілдесіп, журналистермен де тікелей эфирде екі-үш ауыз сұқбаттасып үлгерген. Туиттердегі жазбалары арқылы ғарыштағы жағдайын біліп отырған көпшілік «Аман-есен Жерге оралыңыз» деген тілектерін де көп айтты. Осылайша, қалың елдің ақ батасымен Айдын Айымбетов айдан жерге аман-есен оралды. Жезқазғаннан 146 шақырым қашықтықтағы жерге капсуламен түскен Айымбетовті Талғат Мұсабаев бастаған әріптестері күтіп алды. Бірден дәрігерлік тексеруден өтіп, Астанаға ұшып келді. Астана әуежайының ұшу алаңында Елбасының өзі салтанатты түрде қарсы алды. Әуежайда да, баспасөз конференцияда да Айдынның қолынан жетектеп жүргенін жұртшылық жақсы біледі. Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Әскери-әуе қызметінің полковнигі, Қазақстан Республикасының ғарышкері Айдын Айымбетов Ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі, ғарышқа ұшу кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін «Халық қаһарманы» атағымен, «Алтын Жұлдыз» айрықша ерекшелік белгісімен,«Отан» орденімен марапатталған болатын.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті, «Тұлғатану» қоғамдық жобасының жетекшісі Абай Сейфуллаұлы қазақтың қос ұшқышы Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов ұқсастықтарын анықтап, нәтижесінде 5 сәйкестік тапқан екен.

Мәселен, екі батырымыз да бір айда, бір күнде өмірге келген екен. Туған күндері - 27 шілде. Тоқтар Әубәкіров 1946 жылдың, Айдын Айымбетов 1972 жылдың жазында дүние есігін ашқан. 27 шілдеде бұл азаматтардан бөлек Желтоқсан оқиғасының құрбаны болған Ләззат Асанова, белгілі композитор Төлеген Мұхамеджановтың да дүниеге келгенін айта кету ләзім. Туған күндер тарихына үңілсеңіз, басқа да тұлғалардан осы тақылеттес сәйкестіктер байқауға болады. Мысалы,  ұлтымыздың ұлы жазушылары Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Оралхан Бөкей 28 қыркүйекте, яғни бір күнде туған.  Ал Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин бір жылда туылып, бір жылда қайтыс болған.      

Ғарышкерлерімізге оралатын болсақ, қос ғарышкер арасындағы екінші ұқсастық: Тоқтар Оңғарбайұлы да, Айдын Ақанұлы да – бір оқу орнының, яғни Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесінің түлектері. Тоқтар Әубәкіров 1969 жылы, ал Айдын Айымбетов 1993 жылы оқуды аяқтаған. Арасы – 24 жыл. Үшіншісі, Тоқтар Әубәкіров ғарышқа 1991 жылы ұшса, Айдын Айымбетов 2015 жылы көкке көтерілді. Арасы – 24 жыл. Қызық емес пе?    

 Төртінші сәйкестік. Тұңғыш ғарышкер 2 қазанда, ал Айдын ағамыз 2 қыркүйекте ғарыш сапарына аттанды. Күнтізбеге қарасаңыз, екеуі де аптаның сәрсенбісіне тура келген екен.     

Соңғы және ең қызық сәйкестік: Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқандағы командирі – Александр Волков болатын. Ал Айдын Айымбетовтің командирі Александр Волковтың ұлы – Сергей Волков!     

Мұның барлығын жай сәйкестік дерсіз, дегенмен біртуар тұлғалар арасында біз түсіне бермейтін құпия байланыстар болатыны рас сияқты.  

...Жер бетіндегі 6 миллиардтан астам адамның қазір 300-ден астамы ғана ғарышкер атанған екен. Елімізде осынау ғажайып мамандықтың иелері әзірге үшеу!.. Көк туымызда бейнеленген күн астында самғаған қырандай болып көк аспанда қалықтаған қазақтың үш қыранының қанаттары ешқашан талмасын демекпіз. Алаш арманын асқақтатқан үш қыранның әлі талай жас қырандардың арманының шырақшысына айналып, бейнелері Мәңгілік елдің ұрпақтарының жадында сақталып, аттары тарих қатпарында алтын әріптермен жазылып, әркімнің ой биігінен де түспейтіндері сөзсіз.

Оқи отырыңыз:

Мүгедектік алған әзілкеш Бауыржан Ибрагимов жақын арада татамиге шығуы мүмкін

Шымкентте "зорланды" деген баланың адвокатына қатысты сот басталды

Шетелдегі қандастарды тегін грантпен қамтамасыз ету үшін ХБО мен ДҚҚ меморандумға қол қойды

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть