ҚР Бас прокуратурасында «түрме реформасына» арналған форум өтеді
![]() |
Бүгін ҚР Бас прокуратурасының ғимаратында «түрме реформасына» арналған ІIІ форум өтеді. Оған 200-ден астам адам қатысады. |
Негізгі сессиясынан соң форум жұмыс осы саладағы сарпашылардың қатысуымен жалғасады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз орталығынан.
Форумға бейнеконференциялық байланыс арқылы жергілікті мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуы қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге Бас прокуратураның www.prokuror.gov.kz веб-сайты арқылы интернет-пайдаланушылар үшін онлайн-көрсетілім жүргізілмек.
ІІІ форумның ұйымдастырушылары - Парламент Мәжілісінің Сот-құқықтық реформа және заңнама комитеті, Жоғарғы Сот, ҚР ІІМ, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңес, ЕЫҚҰ-ның Астанадағы Кеңсесі және Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясы.
ІІІ форум «Ресоциализация: Сен қоғамға керексің! Ты нужен обществу! Sосіeтy needs you!» жобасының бастауына арналады, бұрын сотталғандарды заңға бағынушы азаматтар ретінде қоғамға реинтеграция жасауға бағытталған.
І форум 2013 жылы өтті. Ол «түрмедегілерді» азайтудың 10 шарасы» жобасына арналды. Себебі Қазақстан ұзақ жылдар түрме индексі бойынша АҚШ пен Ресейден кейін әлемдегі жетекшілердің үштігінде болды. Осы кезеңде түрмедегілер саны 25% төмендеді. Бүгін олардың саны 90-шы жылдарға қарағанда 2 есе, ал 80-ші жылдарға қарағанда 3 есе аз. Қазақстан әлемдік рейтингтегі позициясын 55-ші орынға жақсартты.
Соттар бас бостандығын айыруға қатысты емес жазаларды кеңінен қолданатын болды. 3 000 орындық 3 колония жабылды, жақында тағы біреуі - 500 орындық түзеу мекемесі жабылады. «Бірақ бір нәрсеге назар аудару керек. Мақсат тек түрмедегілерді азайту ғана емес. Ол аса ауыр қылмыс жасағандар есебінен болмауы тиіс. Ең бастысы - қоғамдық тәртіп, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтық қорғалуы», деп атап өтті Бас прокуратурада.
Осы жылы 2013 жылмен салыстырғанда түрмеден мерзімінен бұрын шартты түрде және жазасын жеңіл жазамен ауыстырылып босағандар мен бостандығынан айырылмай сотталғандардың жасаған қылмыстары 33%-ға азайған. Яғни, олардың қоғамға деген қаупі азайып келеді.
«10 шара» рақымшылық жасаудың қажет еместігін дәлелдеді. ТМД-ның бізден басқа 11 елі осы күнге дейін рақымшылық жасауда. Біз бұдан бас тартып отырмыз.
2014 жылғы 12 желтоқсанда өткен «түрме реформасының» ІІ форумы «Колониялардағыларды жұмыспен қамту-2017» жобасының тұсаукесеріне арналды. Оны жүзеге асырудың бір жылдық нәтижесі қандай?
Үкімет ІІ форум ұсынған іс-қимыл жоспарын бекітті. Колонияларда 133 жеке бизнес субъектісі кәсібін бастады. Бұған дейін олардың саны небәрі 16 болған. Олар 1865 қамаудағыларға жұмыс беріп отыр. Бұл «Еңбек» РМК-да жұмыс жасайтындарының үштен бір бөлігі.
Бірінші рет колониялар тарихында 20 қамаудағы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кәсіппен айналысуда. Колония ішінде қоян өсіреді, аяқ киім тігеді, сурет салады, сувенирлер жасайды және т.б. 2015 жылғы 9 айда қамаудағылар жәбірленушілерге келтірген шығынның 640 млн. теңгесін өтеді. Бұл 2014 жылға қарағанда 2 есе көп. Басқа да жетістіктер мен проблемалар туралы ІІІ форумда ашып айтылады.
ІІІ форумды біз ең өзекті әрі өте күрделі мәселе - сотталғандарды ресоциализациялауға арнап отырмыз. Ресоциализация - сотталғандарды қоғамдағы өмірге қайтаруға бағытталған кешенді шаралар.
«Біз бұрын қамауда болғандарды нәтижелі түрде әлеуметтік бейімдеуге қажетті 3 шартты анықтадық», деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметінен.
Бірінші шарт - қамаудағылар қоғамға қажет емес деген пікірді өзгерту қажет. Екінші шарт - қамаудағылардың қоғамның толық мүшесі бола алатындарына сенуі қажет. Үшінші шарт - экс-қамаудағының қоғамға тездетіп оралуы үшін ресоциализацияның инфрақұрылымын жетілдіру.
Форумға Президент Әкімшілігінің басшылығы, Конституциялық Кеңестің Төрағасы, Парламент депутаттары, дипломатиялық миссия басшылары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, ҮЕҰ, халықаралық ұйымдар, ғылымдар, сарапшылар, ірі бизнес шақырылды.
ІІІ форум - қамаудағыларды ресоциализациялау жүйесін жаңғырту жөніндегі Үкіметтің іс-қимыл жоспарының жобасын жасау және сол арқылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33-ші қадамын орындау үшін ыңғайлы алаң болмақ.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін